Алматы халықаралық әуежайында әдейі косметикалық өнімдер ретінде жасырылған үлкен көлемдегі дәрі-дәрмек партиясы анықталды. Бұл туралы Алматы қаласы Мемлекеттік кірістер департаменті хабарлады.
Құжаттарда өнімдер косметикалық заттар ретінде көрсетілген. Алайда кедендік тексеру барысында нақты мәлімет анықталды: әкелінген жүктердің жалпы салмағы 1 324 килограмм, құрамында 39 түрлі дәрі-дәрмек бар екен.
Алдын ала есептеулер бойынша, тауардың кедендік құны бес миллион теңгеден асты.
Қазір уәкілетті органдар тексеру жүргізіп жатыр. Тексеру нәтижесінде кінәлі тұлғаларға жауапкершілік белгілеу мәселесі қарастырылады.
Мемлекеттік кірістер департаментінің хабарлауынша, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылықтар кодексінің 551-бабы бойынша тауарларды дұрыс декларацияламау немесе жалған декларация жасау үшін тауар құнының 25 пайызы көлемінде айыппұл қарастырылған.
Сонымен қатар, кодекстің 545-бабына сәйкес, Еуразиялық экономикалық одақтың кеден шекарасынан тауарлар мен көлік құралдарын тыйым салынған немесе шектеулі тәртіппен өткізу тәртібін бұзу кезінде айыппұл салынып, құқық бұзушылыққа қатысы бар заттар конфискациялануы мүмкін.



