Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік кеңесінің отырысын өткізіп, ел қауіпсіздігіне қатысты маңызды мәселелерді талқылады. Жиында 2021–2025 жылдарға арналған Ұлттық қауіпсіздік стратегиясының жүзеге асу барысы қаралып, Үкімет оның негізгі көрсеткіштері бойынша есеп берді. Сондай-ақ, жауапты мемлекеттік органдар өз бағыттары бойынша ақпарат ұсынды.
Мемлекет басшысы қазіргі күрделі геосаяси жағдайды ескере отырып, қоғамдық, экономикалық, экологиялық, су және азық-түлік қауіпсіздігін одан әрі күшейту қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар, 2026–2030 жылдарға арналған жаңа Ұлттық қауіпсіздік стратегиясының жобасы таныстырылып, оның алдағы кезеңдегі негізгі бағыттарды айқындайтын маңызды құжат болатыны айтылды.
Отырыста Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин орта мерзімді кезеңдегі басымдықтар мен стратегиялық тәуекелдерді басқару жолдары туралы баяндады.
Президент жаңа Конституция елдің дамуына жаңа серпін бергенін айтып, оның тәуелсіздік пен аумақтық тұтастықты нығайтудағы рөлін ерекше атап өтті. Осыған байланысты жаңа стратегия елдің тұрақты дамуын қамтамасыз етіп, конституциялық құндылықтарды қорғауға бағытталуы тиіс екенін жеткізді.
Жиын қорытындысында Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық мүддені қорғау, қорғаныс қабілетін арттыру, азаматтардың қауіпсіздігін күшейту, қоршаған ортаны сақтау, ақпараттық және киберқауіпсіздікті дамыту бойынша нақты тапсырмалар берді. Сонымен бірге әлеуметтік-экономикалық тәуекелдерді төмендету қажеттігін де атап өтті.
Сондай-ақ Президент экономика, технология және білім беру салаларына білікті шетелдік мамандарды тарту үшін қолайлы жағдай жасайтын арнайы бағдарламаны жедел әзірлеуді тапсырды.



