Алматыдағы әл-Фараби даңғылында болған қайғылы жол апатына қатысты оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырып отыр. Апат салдарынан қаза тапқан 29 жастағы Еламанның отбасы кінәлі тараппен татуласудан бас тартты.
Қайғылы оқиғадан кейін Zeekr көлігінің жүргізуші жағы марқұмның туыстарына бітімге келуді ұсынған. Алайда отбасы бұл ұсынысты қабылдамаған. Марқұмның артында алты жасар баласы қалғаны белгілі болды.
Жәбірленуші тараптың адвокаты Олег Чернов істі жан-жақты зерттеуге ниетті. Оның айтуынша, басты мақсат — жол апатын жасаған жүргізушінің мас күйде болғанын дәлелдеу. Осыған байланысты адвокат жүргізушінің банк картасындағы төлемдер тарихын сұратпақ. Бұл арқылы апатқа дейін «У Афанасича» мейрамханасында алкоголь сатып алған-сатып алмағанын анықтау көзделіп отыр.
Сонымен қатар, адвокат апат болған жердегі барлық бейнебақылау камераларының жазбаларын алуды жоспарлап отыр. Алайда қазіргі таңда кейбір камералардың істемегені немесе жазбалардың сақталмағаны белгілі болған. Бұдан бөлек, күдіктінің сол күні кімдермен байланысқа шыққанын да тексеру көзделуде.
Қазіргі уақытта жол апатына кінәлі деп танылған жүргізуші ауруханада жатыр. Жақын арада оны тергеу изоляторына ауыстыру жоспарланып отыр.
Еске сала кетейік, 21 наурызға қараған түні Алматыдағы әл-Фараби даңғылында ауыр жол апаты болды. Батыс бағытта жоғары жылдамдықпен келе жатқан Zeekr электр көлігі қарсы жолаққа шығып кетіп, қарсы бағытта келе жатқан Mercedes автокөлігімен соқтығысқан. Соның салдарынан Mercedes көлігінің жүргізушісі мен 20 және 22 жастағы екі жолаушы қыз оқиға орнында көз жұмды. Ал Zeekr жүргізушісі түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілді.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Кінәлі адамға 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.
Бұған дейін Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов бұл қайғылы оқиғаға дейін болған жарысқа полиция қызметкерінің қатысы болуы мүмкін екенін айтып, Ішкі істер министрлігінен түсініктеме беруді талап еткен еді. Ал ІІМ басшысы Ержан Саденов бұл істің ерекше бақылауда екенін мәлімдеді.



