Алматы полициясы самокатқа мінді

Желіде бөлісу

Алматы көшелерінде әдеттен тыс көрініс — полиция қызметкерлері бұл жолы автокөлікпен емес, электр самокатпен патрульге шықты. Қалада өтіп жатқан «STOP бұзушылық» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында тәртіп сақшылары жаңа тәсілді сынақтан өткізіп жатыр.

Полиция мәліметінше, мұндай патруль құрамына учаскелік инспекторлар мен ювеналдық полиция қызметкерлері енгізілген. Негізгі бақылау мектептердің маңына және сол аумақтарға жақын жол учаскелеріне бағытталған. Себебі дәл осы жерлерде кәмелетке толмағандардың қатысуымен болатын құқықбұзушылықтар жиі тіркеледі.

Бір күннің ішінде жүргізілген рейд нәтижесінде электр самокаттарын пайдалану ережелерін бұзудың 70 дерегі анықталған. Соның ішінде 10 жағдайда самокатты кәмелетке толмағандар басқарғаны белгілі болды. Сонымен қатар, кикшеринг қызметтерімен бірлесіп, тәртіп бұзған пайдаланушылардың 7 аккаунты бұғатталған.

Тек пайдаланушылар ғана емес, ата-аналар да жауапкершіліктен тыс қалмады. Үш заңды өкіл бала тәрбиесіне немқұрайлы қарағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Алматы қалалық полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасының басшысы Тимур Ноғайбаев ата-аналарға арнайы үндеу жасады. Оның айтуынша, балалардың самокатты қалай және қай жерде пайдаланып жүргенін бақылау — ең алдымен қауіпсіздік мәселесі.

Соңғы уақытта Қазақстанда электр самокаттарға қатысты талаптар күшейтіліп келеді. Ішкі істер министрлігі жалға берілетін самокаттарға жаңа ережелер енгізуді жоспарлап отыр. Атап айтқанда, әрбір самокатқа мемлекеттік нөмір беру ұсынылған.

Сонымен қатар, бұл бағыттағы заңнамалық өзгерістер де қаралуда. Мәжіліс құқықбұзушылықтың алдын алу туралы заңға енгізілетін түзетулерді екінші оқылымда мақұлдады. Енді жалға берілетін электр самокаттар ресми түрде көлік құралдары санатына енгізіліп, оларды пайдалану үшін тіркеу нөмірі мен міндетті сақтандыру талап етілуі мүмкін.

Жалпы алғанда, жаңа патруль форматы — заманауи көлік құралдарының көбеюіне байланысты енгізілген шаралардың бірі. Бұл тәсіл қала көшелеріндегі тәртіпті бақылауды күшейтіп қана қоймай, жол қауіпсіздігін арттыруға бағытталған.

Scroll to Top