«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы санкцияға ұшыраған ресейлік «Лукойлмен» бірлесіп «Қаламқас – Хазар» жобасын әрі қарай дамыту үшін қаржы тарту мүмкіндіктерін қарастырып жатыр. Бұл туралы компания басқарма төрағасы Асхат Хасенов мәлімдеді.
Оның айтуынша, аталған жоба бойынша жобалық-сметалық құжаттама (preFEED кезеңі) толық аяқталған. Яғни, техникалық және бастапқы жоспарлау жұмыстары жүргізіліп біткен.
«Қаламқас-теңіз – Хазар» жобасы бойынша біз “Лукойл” компаниясымен бірлесіп жобалық жұмыстарды аяқтадық. Алайда санкциялық шектеулерге байланысты, соның ішінде серіктестер тарапынан қаржы тарту мәселесі туындап отыр. Қазір бұл мәселені шешудің түрлі жолдарын қарастырып жатырмыз», — деді Хасенов.
Оның сөзінше, жобалау кезеңі аяқталғаннан кейін ендігі негізгі міндет — жобаны жүзеге асыру үшін қажетті қаржы көздерін табу. Қазіргі таңда компания банктермен келіссөздер жүргізіп, өзара тиімді шешім іздестіруде.
«Біз әртүрлі нұсқаларды қарастырып жатырмыз, банктермен жұмыс істейміз. Әзірге ортақ шешім табуға тырысып жатырмыз. Бұл жерде жаңа серіктестер іздеу мәселесі көтеріліп отырған жоқ. Негізгі шектеуші фактор — санкцияларды ескере отырып, қаржыландыру тарту», — деп нақтылады ол.
Ұлттық компания басшысы атап өткендей, «ҚазМұнайГаз» бен «Лукойл» арасында қаржы тарту бағытында белгілі бір қиындықтар бар. Бұл, ең алдымен, ресейлік компанияға қатысты енгізілген халықаралық санкциялармен байланысты.



