Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ухнаагийн Хурэлсух келіссөз өткізді

Желіде бөлісу

Астана төрінде Қазақстан мен Моңғолия арасындағы стратегиялық әріптестікті тереңдетуге бағытталған жоғары деңгейдегі келіссөздер өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ухнаагийн Хурэлсух кеңейтілген құрамда кездесіп, екі ел арасындағы ынтымақтастықтың жаңа кезеңін талқылады. Кеңейтілген құрамдағы келіссөздерде тараптар соңғы жылдары қалыптасқан оң динамиканы ерекше атап өтті. Әсіресе, өзара сенімге негізделген диалогтың күшеюі екіжақты қатынастардың тұрақты дамуына жол ашып отырғаны айтылды. Қазақстан басшысы моңғол әріптесінің сапары екі ел арасындағы стратегиялық серіктестікті нақты істермен толықтыратынын жеткізді. Экономикалық бағыттағы ынтымақтастық күн тәртібінде негізгі орын алды. Соңғы деректерге сәйкес, екі ел арасындағы тауар айналымы 7,7 пайызға өсіп, 130 миллион доллардан асқан. Тараптар бұл көрсеткішті бірнеше есе арттыру әлеуеті бар екенін атап өтіп, өндіріс, ауыл шаруашылығы және тау-кен салаларында бірлескен жобаларды іске асыруға келісті. Сонымен қатар, инвестициялық ынтымақтастықты күшейту мәселесі көтерілді. Шетелдік капитал тарту, бірлескен кәсіпорындар құру және шағын мен орта бизнесті қолдау бағыттары талқыланды. Бұл қадамдар екі ел экономикасының өзара толықтырылуын арттыруға бағытталған. Қазақстан мен Моңғолия арасындағы көлік-логистика саласы да ерекше назарда болды. Астан Улан-Батор әуе рейсін қайта іске қосу, сондай-ақ Өскемен Баян-Өлгий бағытын жандандыру мәселелері қарастырылды. Бұдан бөлек, екі елді байланыстыратын жаңа автокөлік дәлізін ашу мүмкіндігі де талқыланып, бұл бастама аймақаралық байланысты күшейтуге ықпал ететіні айтылды. Мәдени-гуманитарлық байланыстар да кеңейіп келеді. Білім беру саласында студенттер алмасуын арттыру, бірлескен ғылыми бағдарламалар жүргізу және мәдени орталықтардың жұмысын жандандыру ұсынылды. Бұл екі халықтың тарихи жақындығын одан әрі нығайтуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, Баян-Өлгий аймағы аумағында Қазақстанның консулдық мекемесін ашу мәселесі талқыланып, бұл қадам қазақ диаспорасына қолдау көрсетудің маңызды тетігі ретінде бағаланды. Моңғолия президенті өз сөзінде Қазақстанмен серіктестіктің ерекше маңызын атап өтіп, екі елдің өзара сенімі мен саяси диалогы тұрақты дамып келе жатқанын айтты. Ол Қазақстанды аймақтағы маңызды стратегиялық әріптес ретінде сипаттады. Астанадағы бұл келіссөздер тек дипломатиялық кездесу емес, екі ел арасындағы ұзақ мерзімді ынтымақтастықтың нақты жобаларға ұласуына жол ашатын маңызды саяси қадам ретінде бағаланып отыр.

Scroll to Top