Қазақстандағы еңбек дауына қатысты маңызды мәселені Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты қарады. Бұл іс еңбек шарты тоқтатылғаннан кейін өтемақы төлеу мәселесіне байланысты туындап, азаматтың құқықтарын қорғау тұрғысынан қоғам назарын аударды. Арызданушы өз талабында жұмыс берушімен жасалған қосымша келісімге сүйенген. Құжатта еңбек қатынастары аяқталған соң белгілі бір өтемақы төлеу қарастырылған. Алайда жалпы юрисдикциядағы соттар бұл келісімді жарамсыз деп танып, серіктестіктің ішкі басқару органдары тиісті шешім қабылдамағанын алға тартқан. Яғни, келісім компания жарғысына сай рәсімделмеген деген тұжырым жасалды. Өз кезегінде өтініш иесі азаматтық және корпоративтік заң нормаларының қолданылуы оның сот арқылы қорғану құқығын шектеп, тараптар теңдігі қағидатына нұқсан келтірді деп есептейді. Осыған байланысты ол Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексі, Азаматтық процестік кодекс және Жауапкершілігі шектеулі және қосымша серіктестіктер туралы заң нормаларының конституцияға сәйкестігін тексеруді сұраған. Істі қарау барысында Конституциялық Сот бұл даудың түпкі мәні құқықтық нормалардың мазмұнында емес, оларды нақты жағдайда қалай қолданылғанында екенін атап өтті. Соттың пайымынша, даулы нормаларда құқық қолдануға кедергі келтіретін түсініксіздік немесе қайшылық жоқ. Керісінше, олар жалпы құқықтық реттеуді қамтамасыз етеді және әрбір нақты жағдайдың ерекшеліктерін ескере отырып қолданылуы тиіс. Сондай-ақ сот өтініш берушінің уәждері нақты бір істегі сот шешімдеріне қатысты келіспеушілікке негізделгенін жеткізді. Бұл, өз кезегінде, нормалардың конституцияға сәйкестігін емес, құқық қолдану тәжірибесін қайта қарау мәселесіне жатады. Қорытындысында Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты ұсынылған дәлелдерде азаматтың сот арқылы қорғану құқығын жүзеге асыруға нормативтік тұрғыда кедергі келтіретін факторлар жоқ деген тұжырымға келді. Осылайша, еңбек дауына қатысты бұл іс құқықтық нормалардың мазмұнынан гөрі, оларды қолдану тетіктерінің маңызын тағы бір мәрте айқындап берді. Бұл жағдай жұмыс беруші мен қызметкер арасындағы келісімдерді рәсімдеу кезінде заң талаптарын қатаң сақтау қажеттігін көрсетеді. Әсіресе, корпоративтік шешімдер мен ішкі рәсімдердің сақталмауы кейін даулы жағдайларға алып келуі мүмкін.



