Астанада мас күйінде көлік жүргізген тағы бір шенді ұсталды

Желіде бөлісу

 

Астана қаласының құқық қорғау органдары жол қозғалысы ережелерін бұзатын «VIP» санаттағы тұлғалармен күресті жалғастырып жатыр. Бұл жолы олар көлік тізгінін мас күйінде басқарған Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы қызметкерін ұстады.
Бұл туралы Михаил Козачков әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады.
«Сот қаулысында көрсетілгендей, қадағалау органының қызметкері Әсет Жүкенов 29 наурыз күні түнгі сағат бір шамасында жұбайының атына тіркелген Cherry Tiggo автокөлігін басқару кезінде ұсталған.
Өз кезегінде құқық бұзушы кінәсін мойындамаған. Оның айтуынша, ол шынында ішімдік ішкен, алайда көлік жүргізбеген, тек саябақта серуендегеннен кейін жылыну үшін рөлге отырған. Сондай-ақ көлікті басқа адам басқарғанын, бірақ ол бір сәтке кетіп қалғанын алға тартқан.
Алайда полицейлер хаттамаға тіркеген бейнежазбада көліктің қозғалыста болғаны және рөлде дәл Жүкеновтің отырғаны анық көрінеді. Айта кету керек, сот отырысына қатысқан Астана прокуратурасының өкілі де полиция ұстанымын қолдаған.
Осыған байланысты сот Бас прокуратура қызметкерін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 608-бабы бойынша кінәлі деп таныды. Жаза ретінде оған 7 жылға жүргізуші куәлігінен айыру белгіленді. Ал әкімшілік қамауға алу жазасы қолданылған жоқ, себебі Кодекстің 32-бабына сәйкес құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен әскери қызметшілерге мұндай жаза түрі қолданылмайды.
Сот шешімі апелляциялық сатыдан өтіп, заңды күшіне енген.
Бас прокуратурадан Әсет Жүкеновке қатысты тәртіптік шаралар қолдану мүмкіндігі туралы да сұралған. Ведомство өкілдері оның құқық бұзушылық деректері қаралғанын, алайда қазіргі таңда қызметкердің еңбекке жарамсыздық демалысында болуына байланысты қандай да бір жаза қолдану мүмкін еместігін мәлімдеген. Заң бойынша бұл кезеңде қызметкерді жұмыстан шығару немесе тәртіптік жазаға тарту қарастырылмайды.
Айта кетейік, кейбір деректерге сәйкес, Әсет Жүкенов — бұрынғы Жоғарғы соттың Қылмыстық істер жөніндегі алқа төрағасы Әбдірашит Жүкеновтің туысы болуы мүмкін. Бұл жайт қоғамда құқықтық теңдік мәселесіне қатысты түрлі пікірлердің туындауына себеп болды» деп жазады блогер.

Scroll to Top