Алматыда көпқабатты тұрғын үйлердің мәселесін жүйелі түрде шешуге бағытталған жаңа бастама қолға алынды. AMANAT партиясы іске қосқан «TURGYNDAR AMANATY» жобасы аясында өткен қалалық форум-семинар тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы өзекті түйткілдерді талқылап, нақты шешу жолдарын айқындауға арналды.
Жиынға партия хатшысы Ержан Жылқыбаев, Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды, Мәжіліс депутаттары, сарапшылар, сондай-ақ ОСИ мен КСК төрағалары және басқарушы компания өкілдері қатысты. Басқосу барысында Екатерина Смышляева мен Бақытжан Базарбек саладағы қордаланған мәселелерге қатысты өз ұсыныстарын ортаға салды.
Алматы – елдегі ең ірі мегаполис. Қалада 9,5 мыңнан астам көпқабатты тұрғын үй бар, олардың басым бөлігі ескірген тұрғын үй қорына жатады. Мыңдаған үй күрделі жөндеуді қажет етеді, кейбір ғимараттар тіпті апатты немесе сейсмикалық тұрғыдан қауіпті саналады. Тұрғындардың лифт, инженерлік желілер, аула жағдайы бойынша шағымдары да аз емес. Жыл сайын тиісті органдарға мыңдаған өтініш түседі.
Осы мәселелерді жүйелі түрде шешу үшін «TURGYNDAR AMANATY» жобасы нақты тетіктерді ұсынады. Атап айтқанда, партия жанынан арнайы жобалық офис құру, ОСИ мен КСК төрағаларын оқыту, үйлерді күрделі жөндеуден өткізуге сүйемелдеу, цифрлық шешімдерді енгізу және тұрғындардың өз үйлерін басқаруға белсенді қатысуын арттыру көзделген. Ең бастысы халықпен тұрақты кері байланыс орнату.
Форумда сөз сөйлеген Ержан Жылқыбаев бұл жобаның негізгі мақсаты әрбір алматылық үшін қауіпсіз әрі жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру екенін атап өтті. Оның айтуынша, мұндай кездесулер бұған дейін еліміздің бірнеше өңірінде өтіп, өз тиімділігін көрсеткен.
Ал қала әкімі Дархан Сатыбалды тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласы халықтың өмір сапасына тікелей әсер ететінін жеткізді. Оның пікірінше, Алматыдағы ауқымды тұрғын үй қоры ашық жүйе мен нақты ережелерді, сондай-ақ барлық тараптың жауапкершілігін талап етеді.
Жалпы, бұл бастама тек мәселелерді талқылаумен шектелмей, нақты әрекетке бағытталған маңызды қадам. «TURGYNDAR AMANATY» жобасы арқылы алматылықтардың тұрмыс сапасын жақсарту, үйлерді тиімді басқару және қаланың инфрақұрылымын жаңғырту ісі жаңа деңгейге көтеріледі деген сенім бар.



