Қазақстан мен Чехия арасындағы экономикалық байланыс жаңа қарқын алып келеді. 2026 жылғы 28 сәуірде өткен қазақстан-чех бизнес-форумында Үкімет басшысы Олжас Бектенов екі ел арасындағы әріптестікті кеңейтуге толық дайын екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл кездесу тек кезекті ресми жиын емес, болашақтағы ірі жобалар мен өзара тиімді серіктестіктің бастауы болмақ. Премьер-министр өз сөзінде соңғы жылдары сауда-экономикалық қатынастардың тұрақты өсім көрсеткенін атап өтті. Мәселен, өткен жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 705 миллион доллардан асып, өзара сенім мен ынтымақтастықтың нығайғанын көрсетті. Ал инвестиция саласында Чехия Қазақстанға 2005 жылдан бері 431 миллион доллар көлемінде қаржы құйған. Бір қызығы, осы қаражаттың үштен бірінен астамы соңғы үш жыл ішінде салынған. Бүгінде елімізде чех капиталының қатысуымен 140-тан астам компания жұмыс істейді. Бұл кәсіпорындар мыңдаған адамды жұмыспен қамтып, отандық экономиканың дамуына өз үлесін қосып келеді. Олжас Бектенов Чехияны жоғары дамыған индустриялық мемлекет ретінде атап өтіп, алдағы уақытта өнеркәсіп, технология және басқа да маңызды салаларда бірлескен жобаларды көбейту жоспарланып отырғанын жеткізді. Үкімет басшысы Қазақстанның шетелдік инвесторлар үшін ашық әрі сенімді серіктес болып қала беретінін ерекше атап өтті. Оның пікірінше, табысты әріптестіктің басты кепілі өзара сенім мен ашық диалог. Сондықтан мемлекет жаңа жобаларды іске асырудың барлық кезеңінде жан-жақты қолдау көрсетуге дайын. Форум аясында қазақстандық және чехиялық компания өкілдері өзара тәжірибе алмасып, жаңа бағыттарды талқылады. Бұл кездесу екі елдің экономикалық әлеуетін біріктіріп, жаңа мүмкіндіктерге жол ашатыны анық. Жалпы, Қазақстан мен Чехия арасындағы байланыс тек саудамен шектелмей, стратегиялық серіктестік деңгейіне көтеріліп келеді. Ал мұндай бастамалар ел экономикасының дамуына серпін беріп, халықаралық ынтымақтастықтың көкжиегін кеңейте түспек.
Бизнес-форум жаңа мүмкіндіктерге жол ашты



