Қазақстан Парламентінде депутаттардың тәртібі мен этикасына қойылатын талап күшеймек. Енді депутаттық әдеп нормаларын бұзған халық қалаулыларына айыппұл салынбайды, бірақ олардың сөз сөйлеу құқығы уақытша шектелуі мүмкін. Яғни кей депутаттардың микрофоны өшіріліп, Мәжіліс мінберінен сөйлеуіне тыйым салынбақ.
Бұл туралы 2026 жылғы 8 мамырда Үкімет кулуарында Мәжіліс депутаты Айдос Сарым мәлімдеді.
Оның айтуынша, жаңа тәртіп депутаттардың жауапкершілігін арттырып, Парламентте жаңа саяси мәдениет қалыптастыруға бағытталған.
– Бірнеше тәртіптік шара қарастырылып отыр. Атап айтқанда, ескерту жасау, бір отырысқа немесе үш отырысқа дейін сөз беру құқығынан айыру. Бұл – өте маңызды тетік. Мұндай қадам жаңа парламенттік мәдениетті қалыптастыруға ықпал етеді. Егер депутат сөз құқығынан айырылса, ол депутаттық сауал жолдай алмайды, заң жобаларын талқылау кезінде сұрақ қоя алмайды. Қарапайым тілмен айтқанда, микрофоны қосылмайды, – деді Айдос Сарым.
Яғни этика талаптарын бұзған депутат белгілі бір уақыт аралығында Парламент жұмысына толыққанды қатыса алмайды. Бұл шектеу оның заң жобаларын талқылаудағы белсенділігіне де әсер етеді.
Сонымен қатар депутаттық мандаттан айыру тәртібіне де бірқатар өзгерістер енгізілмек. Дегенмен, депутаттың айтуынша, бұл өзгерістер түбегейлі емес.
Жаңа нормаға сәйкес, депутат екі жағдайда мандатынан айырылуы мүмкін. Біріншісі – депутат сайланған партияның бастамасымен. Егер халық қалаулысы партияның ұстанымына қарсы әрекет етсе немесе партия беделіне нұқсан келтірсе, партия оның өкілеттігін тоқтатуды ұсына алады.
Екінші жағдайда құқық қорғау органдары араласады. Егер депутат қылмыс жасаса, заңда белгіленген тәртіппен мандатынан айырылуы мүмкін.
Айта кетейік, 8 мамыр күні депутаттар «Құрылтай және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық заң жобасын қолдады. Құжаттағы басты жаңалықтардың бірі – Депутаттық этика жөніндегі кеңестің құрылуы.
Жаңа кеңес депутаттардың әдеп нормаларын сақтауын бақылап, тәртіп бұзған жағдайда қандай жаза қолдану керектігі жөнінде ұсыныс береді.
Сарапшылардың пікірінше, бұл өзгерістер Парламенттегі жауапкершілікті күшейтіп, депутаттардың қоғам алдындағы мәдениеті мен тәртібіне қойылатын талапты арттыра түспек.



