ШҚО-дағы балабақшада 42 млн теңгеден астам қаржы жымқырылған

Желіде бөлісу

Шығыс Қазақстан облысында балабақша бухгалтері мен меңгерушісіне қатысты ірі көлемдегі қаржылық заңбұзушылық фактісі анықталды. Үш жыл бойы мекеме қаржысы заңсыз аударылып келгені белгілі болды.

Бұл туралы Бас прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады.

Мәліметке сәйкес, Үлкен Нарын ауданындағы «Малонарым ауылының ясли-бақшасы» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнында тексеру жүргізілген. Тексеру барысында балабақша бухгалтері бірнеше жыл бойы өзінің және мекеме меңгерушісінің есепшотына артық жалақы аударып отырғаны анықталған.

Сонымен қатар қызметкерлер үшін төленуі тиіс салықтар мен міндетті әлеуметтік аударымдарға арналған қаражат та заңсыз пайдаланылған.

– Тексеру барысында бухгалтердің үш жыл бойы өзінің және балабақша меңгерушісінің шоттарына артық қаражат аударып келгені белгілі болды. Бұдан бөлек, мекеменің 18 қызметкеріне қатысты жеке табыс салығы, міндетті зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдар ұзақ уақыт төленбеген. Нәтижесінде меңгеруші мен бухгалтердің есепшоттарына 42 миллион теңгеден астам қаржы заңсыз аударылғаны анықталды, – делінген прокуратура хабарламасында.

Қазіргі уақытта аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған.

Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді. Құзырлы органдар Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес істің мән-жайын нақтылап жатыр.

Scroll to Top