Атырау облысында бір отбасының аяусыз қырылуына байланысты қоғамды дүр сілкіндірген қылмыстық іс бойынша жаңа мәліметтер белгілі болды. Тергеу барысында күдікті ретінде қаралған С. Сарсемалиевтің жұбайы Акбаян Мукангалиеваға қатысты құқық қорғау органдары ресми түсініктеме берді. Облыстық прокуратураның мәліметінше, аталған қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеу толық аяқталып, материалдар сотқа жолданған. Алайда қоғам назарын аударған басты сұрақ Акбаян Мукангалиеваның бұл іске қаншалықты қатысы бар екені болатын.
Прокуратура өкілдері қазіргі таңда Акбаян Мукангалиеваға қатысты сот-психологиялық және психиатриялық сараптаманың қорытындысы күтіліп отырғанын хабарлады. Сараптама нәтижесі ресми түрде тергеу органына түскеннен кейін ғана оған қатысты нақты процессуалдық шешім қабылданады.
Сонымен қатар ведомство өкілдері қанды қылмысты С. Сарсемалиевтің жалғыз өзі жасағанын мәлімдеді. Тергеу барысында өзге адамдардың бұл іске қатысы бары дәлелденбеген. “Аталған қылмыстық құқық бұзушылықтарды С. Сарсемалиев жалғыз өзі жасаған. Басқа тұлғалардың қылмысқа қатысы бары анықталған жоқ”, деп хабарлады облыстық прокуратура.
Осыған байланысты Акбаян Мукангалиеваға қатысты қылмыстық қудалау тоқтатылды. Яғни, ол отбасы мүшелерінің өліміне қатысы жоқ деп танылған.
Бұл оқиға ел ішінде үлкен резонанс тудырып, әлеуметтік желілерде қызу талқыланған болатын. Көпшілік әсіресе отбасы ішіндегі қатыгездік пен тұрмыстық жанжалдардың соңы осындай ауыр трагедияға ұласуына алаңдаушылық білдіруде.
Қазір қоғам сот процесінің әділ өтуін және қылмыстың барлық мән-жайының толық ашылуын күтуде.



