Өзгенің несиесін жауып берген қазақстандық сотта жеңіске жетті

Желіде бөлісу

Жамбыл облысында өзгенің несиесін өтеуге мәжбүр болған азамат сот арқылы ақшасын қайтарып алды. Бұл оқиға көпшілікке кепілгер болудың жауапкершілігі қаншалықты ауыр екенін тағы бір мәрте көрсетті.

Шу аудандық сотында қаралған азаматтық іс бойынша жауапкер мен микроқаржы ұйымы арасында несие шарты жасалғаны анықталған. Ал талапкер азамат К. сол қарыз бойынша кепілгер ретінде тіркелген.

Алайда қарыз алушы өз міндеттемелерін уақытында орындамаған. Соның салдарынан микроқаржы ұйымы берешекті кепілгерден талап еткен. Нәтижесінде азамат К. бөтен адамның несиесін өз қалтасынан жабуға мәжбүр болған.

Қарыз толық өтелгеннен кейін азамат әділдік іздеп сотқа жүгінеді. Ол жауапкерден өзі төлеген қаражатты өндіріп беруді сұрап, төлем жасалғанын дәлелдейтін барлық құжаттарды ұсынған.

Сот іс материалдарын мұқият қарап, талапкердің шынымен де қарызды өз қаражаты есебінен өтегенін растады. Нәтижесінде талап толық көлемде қанағаттандырылды.

Сот шешімімен жауапкерден 569 мың теңге көлеміндегі қаржы және мемлекеттік баж салығы өндірілді. Қазіргі уақытта шешім заңды күшіне енген.

Бұл жағдай қаржы мамандары мен заңгерлердің “кепілгер болмас бұрын жақсылап ойлану керек” деген ескертпесін тағы да дәлелдей түсті. Себебі көптеген азамат туыстық немесе достық қарым-қатынасқа сеніп, несиеге кепіл болып жатады. Бірақ қарыз уақытында өтелмесе, барлық жауапкершілік кепілгердің мойнына жүктеледі.

Сарапшылардың айтуынша, кез келген қаржылық құжатқа қол қоймас бұрын оның құқықтық салдарын толық түсініп алған жөн. Өйткені бір сәттік сенім үлкен шығынға әкелуі мүмкін.

Scroll to Top