Тоқаев пен Ердоған Alem.ai орталығына барды

Желіде бөлісу

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Режеп Тайып Ердоған елордадағы Alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығы орталығына арнайы барып, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект бағытындағы жаңа жобалармен танысты. Бұл сапар Қазақстан мен Түркия арасындағы технологиялық серіктестіктің жаңа кезеңге қадам басқанын аңғартты. Кездесу барысында мемлекет басшыларына орталықтың негізгі мүмкіндіктері таныстырылып, оның болашақта Орталық Азиядағы ең ірі технологиялық хабтардың біріне айналатыны айтылды. Әсіресе, жасанды интеллект арқылы білім беру, медицина, қауіпсіздік және қала инфрақұрылымын басқару бағыттарындағы инновациялық жобалар ерекше назар аудартты. Қазақстан Республикасының цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі саласына жетекшілік ететін вице-премьер – министр Жаслан Мәдиев қос президентке арнайы әзірленген интерактивті көрмені таныстырды. Қонақтар жасанды интеллект көмегімен жұмыс істейтін ІІ-кинотеатрдың мүмкіндіктерін көріп, цифрлық музейдегі заманауи технологиялармен танысты. Мұнда келушілер виртуалды кеңістік арқылы тарихи және мәдени контентті ерекше форматта тамашалай алады.

Бағдарлама аясында Astana Smart City жобасының тұсаукесері де өтті. Жоба елорданың қауіпсіздігін арттыру, көлік қозғалысын оңтайландыру және коммуналдық қызметтердің сапасын жақсартуға бағытталған. Мамандардың айтуынша, жасанды интеллект енгізілген жүйелер қала тұрғындарының өмір сүру сапасын едәуір жеңілдетеді.

Сапар барысында Тоқаев пен Ердоған цифрлық технологиялардың болашағы туралы пікір алмасып, екі елдің ІТ саласындағы ынтымақтастығын нығайтуға мүдделі екенін жеткізді. Түркия тарапы Қазақстанның жасанды интеллект саласындағы бастамаларына жоғары баға беріп, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайын екенін мәлімдеді.

Соңғы жылдары Қазақстан цифрландыру бағытына ерекше көңіл бөліп келеді. Alem.ai орталығының ашылуы – еліміздің инновация мен жоғары технологиялар дәуіріне сенімді қадам басқанының айқын дәлелі. Сарапшылардың пікірінше, мұндай орталықтар жас мамандардың жаңа идеяларын жүзеге асыруға мүмкіндік беріп, Қазақстанды аймақтағы технологиялық көшбасшылардың қатарына шығаруы мүмкін.

Scroll to Top