Павлодар қаласында ерекше оқиға тіркелді. Ресей азаматы көлігінің ұрланғаны туралы полицияға хабарласқанымен, кейін оның автокөлікті өзі қойған орнын шатастырып алғаны анықталды.
Павлодар облыстық полиция департаментінің мәліметінше, 2026 жылғы 18 мамырда «102» арнасына Новосібір қаласының тұрғыны Наиль Кималиденовтен қоңырау түскен. Павлодарға жолай келген азамат қатты абыржып, көлігінің жоғалып кеткенін хабарлаған.
Белгілі болғандай, ер адам автокөлігін бейтаныс аумаққа қойып, өз шаруасымен кетіп қалған. Алайда қайта оралған кезде көлігін таба алмай, оны ұрлап кеткен деп ойлаған.
Хабарлама түскен бойда Павлодар қалалық полиция басқармасының автоэкипаждары дереу іздеуге жұмылдырылып, «Ұстау» арнайы жоспары енгізілген. Тәртіп сақшылары жақын маңдағы көшелер мен аулаларды жіті тексеріп, көп ұзамай көлікті көршілес аулалардың бірінен дін аман тапқан.
Кейін анықталғандай, Ресей азаматы бөтен қалада көлігін нақты қай жерге қойғанын ұмытып қалған. Соған байланысты полиция қызметінен көмек сұраған.
Шетелдік азамат павлодарлық полицейлердің жедел әрекетіне ризашылығын білдірді.
– Павлодар полициясының қызметкерлеріне жедел көмегі мен жанашырлығы үшін үлкен алғыс айтамын. Бейтаныс қалада қиын жағдайға тап болып едім, маған көп көмектесті, – деді ол.
Полиция департаменті азаматтарға көлікті тұраққа қойған кезде орнын есте сақтауға немесе навигациялық қосымшаларды пайдалануға кеңес берді.



