Қарқаралы тауындағы қауіпті сәт құтқарушылар туристерді ажал аузынан аман алып қалды

Желіде бөлісу

Қарағанды облысының Қарқаралы ауданында орналасқан әйгілі “Пик Пионеров” шыңында демалыс қайғылы жағдаймен аяқтала жаздады. Табиғат аясында серуендеуге шыққан ерлі-зайыпты таудан түсу кезінде қиын жағдайға тап болып, құтқарушылардың көмегіне жүгінуге мәжбүр болды.

Белгілі болғандай, таңертең жұбайлар тау басына көтеріліп, әсем табиғатты тамашалаған. Алайда кері қайтар сәтте ер адам аяғын сындырып алып, өздігінен қозғала алмай қалған. Тік жартасты аймақта қалған туристердің жағдайы күрделене түскен.

Оқиға туралы хабар алған Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлері дереу іздестіру-құтқару жұмыстарын бастады. Құтқарушылар арнайы дрон ұшырып, тауда қалған азаматтардың нақты орнын анықтады. Кейін мамандар қиын әрі қауіпті соқпақтар арқылы шыңға көтеріліп, зардап шеккен жұпқа көмек көрсетті.

Жедел әрекеттің арқасында туристер аман-есен төменге түсіріліп, қауіпсіз жерге жеткізілді. Зардап шеккен азаматқа алғашқы медициналық көмек көрсетілген.

Мамандар тауға шығатын азаматтарға қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға кеңес береді. Әсіресе, ұзақ бағытқа шығар алдында ауа райын бақылап, қажетті құрал-жабдықтар мен дәрі қобдишасын алып жүру маңызды екенін ескертті.

Scroll to Top