
Алматы қаласының Түрксіб ауданындағы №195 мектепте қазақ поэзиясының көрнекті өкілі Мұқағали Мақатаевтың 95 жылдық мерейтойына орай онкүндік іс-шара ұйымдастырылды. Мектеп ұжымы мен оқушылар ақын мұрасын кеңінен насихаттап, оның шығармашылығын тереңірек танытуға бағытталған түрлі мәдени-танымдық бағдарламалар өткізді.
Онкүндік аясында поэзия кештері, мәнерлеп оқу байқаулары, әдеби композициялар мен сынып сағаттары ұйымдастырылды. Оқушылар ақынның өлеңдерін жатқа оқып, шығармаларына талдау жасап, оның өмір жолы мен шығармашылық ерекшеліктері туралы зерттеу жұмыстарын қорғады. Сонымен қатар «Мұқағали – мәңгілік жыр» атты кітап көрмесі мен қабырға газеттері байқауы өтті.
Іс-шараның басты мақсаты – жас ұрпаққа ұлттық әдебиеттің құндылығын дәріптеу, ақын шығармалары арқылы патриоттық сезім мен рухани тәрбиені қалыптастыру болды. Мерейтойлық онкүндік жоғары деңгейде өтіп, оқушыларға ерекше әсер сыйлады.



