«Құжаттардың түпнұсқасын дайындап қойыңыздар»: «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ қазақстандықтарға үндеу жасады

Желіде бөлісу

Ұлттық ақпараттық технологиялар акционерлік қоғамының баспасөз қызметі азаматтарға техникалық жұмыстар туралы ескерту жасады.

Компания сервистерді жетілдіру аясында жоспарлы жаңартулар жүргізілетінін хабарлады. Осыған байланысты 14 ақпан сағат 21:00-ден 15 ақпан сағат 08:00-ге дейін компания сүйемелдейтін жобалардың жұмысы уақытша шектелуі мүмкін.

Азаматтарға барлық қажетті операцияларды алдын ала аяқтап, қажет болған жағдайда құжаттардың түпнұсқасын дайындап қою ұсынылды.

Компания мәліметінше, 00:00-ден 02:00-ге дейін цифрлық құжаттар ішінара қолжетімсіз болуы ықтимал. Алайда ЭЦҚ арқылы алдын ала авторизация жасалған жағдайда құжаттар офлайн режимде қолжетімді болады. Бұл мүмкіндік техникалық жұмыстар кезеңінде сақталады.

Сонымен қатар 21:00-ден 00:00-ге дейін электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) алу кезінде шектеулер туындауы мүмкін.

Ал eGov порталы көрсетілген уақытта штаттық режимде жұмыс істейді.

Scroll to Top