Депутаттар қарызға қайта батуға тосқауыл қоймақ

Желіде бөлісу

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты депутаттары банкрот деп танылған азаматтарға жаңа несие беруге шектеу қоюды ұсынып отыр. Бұл мәселе Сенаттың Қаржы және бюджет комитетінің отырысында кеңінен талқыланып, халықтың шамадан тыс қарызға батуы әлі де өзекті проблема екені айтылды.

Депутат Нурия Ниязова қолданыстағы заңнамада банкрот азаматтарға белгілі бір шектеулер қарастырылғанымен, олардың микрокредиттер мен ломбард қызметтері арқылы қайтадан қарыз алып жатқанын атап өтті. Оның сөзінше, қарызы кешірілген азаматтардың қайта несие рәсімдеуі қаржылық жағдайды одан әрі қиындатып, мәселені ушықтыра түседі.

Сенатор Бекбол Орынбасаров бұл мәселеге қатысты қатаң шаралар қажет екенін айтты. Оның пікірінше, қазіргі таңда өзін банкрот деп жариялаған азаматтар мобильді қосымша арқылы еш кедергісіз қайтадан несие ала алады. Бұл өз кезегінде халықтың несиеге тәуелділігін азайтудың орнына, керісінше арттырып отыр.

Мәселенің ауқымын Мемлекеттік кірістер комитеті де нақты статистикамен растады. Комитет төрағасының орынбасары Сейілжан Ахметов келтірген мәліметке сәйкес, банкроттық рәсімі аяқталған 50 мыңнан астам азаматтың 2 750-іне қайтадан жаңа қарыз берілген. Жалпы несие көлемі шамамен бір миллиард теңгеге жеткен. Оның басым бөлігі микроқаржы ұйымдары арқылы рәсімделгенімен, екінші деңгейлі банктердің де мұндай қадамға барғаны анықталған.

Депутаттар әсіресе ломбардтардың жұмысын заң жүзінде қатаң реттеу қажет деп есептейді. Себебі көптеген азаматтар алтын бұйымдарын кепілге қойып, қайта-қайта қарыз алуға мәжбүр болады. Сарапшылар мұндай жағдай халықтың қаржылық сауаттылығы мәселесін де күн тәртібіне шығарып отырғанын айтады.

Сенатта көтерілген ұсыныстар алдағы уақытта заңнамаға өзгерістер енгізуге негіз болуы мүмкін. Егер бастама қолдау тапса, банкрот азаматтардың белгілі бір уақыт аралығында несие алуына толық немесе жартылай шектеу қойылуы ықтимал. Бұл қадам халықтың қарыз жүктемесін азайтып, қаржы жүйесіндегі тәртіпті күшейтуге бағытталмақ.

Scroll to Top